СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫНА РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ
«Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орналасқан Сығанақ қалашығындағы ғылыми-реставрация және консервация жұмыстарын аяқтады. Қалашық аумағында жүргізілген жұмыстар реставрация саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес орындалды.

«Жұмыс барысында қалашық аумағындағы екі мазар мен тұрғын үй қалпына келтірілді. Ескерткіштердің бастапқы құрылымын сақтау және түпнұсқа қабырғалардың құлауына, жарылуына жол бермеу мақсатында олар қосымша кірпіш қатарымен бекітілді. Сонымен қатар мазар қабырғалары ғылыми негізде биіктетіліп қайта қаланды. Еденге төселген кірпіштердің бүлінген, жарылған тұстары толығымен ауыстырылды», – дейді «Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда филиалының директоры Жанболат Калиакбаров.

Сығанақ қалашығында атқарылған жұмыстарға қатысты Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының басшысы Ерқазы Жарылқасынұлы да өз пікірін білдірді.

«Сығанақ қалашығы – Қызылорда облысындағы көне қалалардың бірі. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде тұрғын үй мен мазарлардың орындары анықталып, биыл олар қайта қалпына келтірілді. Жүргізілген жұмыстардың арқасында қалашыққа келушілер тарихи нысандармен жақынырақ танысып, өткен дәуірдің тұрмыс-тіршілігі туралы түсінік ала алады. Реставрация жұмыстарын атқарған «Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда филиалына алғыс білдіреміз. Атқарылған жұмысқа көңіліміз толды. Мұндай қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тапса дейміз».

Сығанақ қалашығы – орта ғасырлардан жеткен тарихи мұралардың бірі. Ғасырлар қойнауынан жеткен осындай ескерткіштерді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
Сығанақ қалашығында «Қазқайтажаңарту» РМК атқарған жұмыстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, белгіленген мерзімде аяқталды. Кәсіпорын алдағы уақытта да ел аумағындағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыра береді.