ЕСКІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ҚОРҒАНЫНА РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесені маңындағы көне қалашық қорғанының бір бөлігіне ғылыми реставрация жүргізіліп жатыр.

Қалашық қорғаны көне шаһарға жүргізілген археологиялық зерттеулер негізінде 2000 жылдары топырақ кесектермен тұрғызылған. «Соңғы 2-3 жыл бойы тұрақты мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде қамал қабырғасының жыл сайын 10-15 сантиметрге ығысып бара жатқаны анықталды. Осыған байланысты ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бастадық. Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Ал апаттық учаскенің жалпы ұзындығы – 40 метр. Қалпына келтіру барысында іргетасы нығайтылып, кірпіштері мен шлакоблоктары қайта қаланады», – дейді «Қазқайтажаңарту» РМК филиалының директоры Нұртулла Бекбергенов.

«Қазқайтажаңарту» РМК реставрация жұмыстарын биыл қараша-желтоқсан айларында аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаға сәйкес, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің қолданыстағы конструкциясы толық реставрацияланады. Қайта қалпына келтіру барысында алынған материалдар іргетас салынғаннан кейін қайтадан қаланады.
Ғылыми реставрация цитадельдің тарихи келбетін сақтай отырып жүргізіледі.