МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖЕР АСТЫ МЕШІТТЕРІ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНДІ
«Маңғыстаудың жер асты мешіттері және олармен байланысты нысандар» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енді. «Қазқайтажаңарту» РМК бұл бағытта номинациялық құжаттаманы дайындады.
Тарихи шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылдаған. Осы үдерістің негізгі орындаушы ұйымдарының бірі ретінде «Қазқайтажаңарту» РМК ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізуге арналған номинациялық құжаттаманы дайындау бойынша кешенді жұмыстарды сәтті жүзеге асырды.

Кәсіпорын мамандары нысанның ерекше әмбебап құндылығын (Outstanding Universal Value) ғылыми тұрғыдан негіздеп, оны ЮНЕСКО-ның Алдын ала тізіміне енгізу жұмыстарын қамтамасыз етті. Сонымен қатар номинациялық досье әзірленіп, ICOMOS бағалау миссиясы ұйымдастырылды, ЮНЕСКО-ның консультативтік органдарымен, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық сарапшылармен тұрақты жұмыс кездесулері өткізілді.
Номинацияны дайындау барысында нысанды сақтау мен басқаруға қатысты ғылыми және техникалық құжаттама әзірленді. Атап айтқанда, басқару жоспары, құқықтық қорғау мәселелері, қорғау және буферлік аймақтардың картографиялық материалдары, сондай-ақ халықаралық талаптарға сәйкес өзге де құжаттар дайындалды.
Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген құрамдас нысандар қатарында Шақпақ-ата, Шопан-ата, Бекет-ата, Қараман-ата және Сұлтан-үпі жер асты мешіттері бар. Бұл мәртебе аталған ескерткіштердің ерекше әмбебап құндылығын халықаралық деңгейде танумен қатар, оларды сақтау жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттемелерді де көздейді.
Қазіргі таңда «Қазқайтажаңарту» РМК Дүниежүзілік мұра нысанын ғылыми және әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыруда. Кәсіпорын ескерткіштердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу, ғылыми зерттеулерді дамыту, реставрациялау және консервациялау іс-шараларын жүзеге асыру, Басқару жоспарын жетілдіру, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығына мерзімдік есептерді әзірлеу бағытындағы жұмыстарды атқарады.
Маңғыстаудың жер асты мешіттерінің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілуі Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді және ұлттық мәдени мұраны халықаралық стандарттарға сәйкес қорғау мен басқарудың жаңа кезеңін бастайды.