ӘСКЕРИ ПРОКУРАТУРА ҒИМАРАТЫНА РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛУДА
«Қазқайтажаңарту» РМК 1878 жылы тұрғызылған бұрынғы Орал гарнизонының әскери прокуратурасының ғимаратына ғылыми реставрация жасап жатыр.
Түрлі сәулеттік элементтермен көмкерілген ғимарат бүгінде шаһардағы тарихи нысандардың бірі саналады. 2026 жылғы жұмыс барысында ғимараттың шатырын, қасбетін, террасасын, жертөлесін және ішкі бөлмелерін қалпына келтіру жоспарланған.
Шатыр жабынындағы фальцты байланыстар күшейтіліп, зақымданған бөліктері ауыстырылады. Сондай-ақ су ағарлар орнатылады.
Қасбеттерінің ескі бояу қабаттары тазартылып, сәулеттік бөлшектері қалпына келтіріледі. Ағаштары өңделіп, ескірген сәндік элеменеттері қайта жасалады.
Жоспар бойынша ғимарат ішіндегі тозған конструкциялар алынып, қабырғалар мен төбелер қайта сыланады. Сондай-ақ едені жаңартылады. Құнды ағаш есіктерге реставрация жасалады. Жертөле едендері жаңартылып, есіктер мен ағаш баспалдақтар жөнделеді.
Сонымен қатар жоспар бойынша ғимарат айналасы абаттандырылып, электр, жылу және су жүйелері ретке келтіріледі.
Кәсіпорын жүргізіп жатқан ғылыми реставрация нысанның тарихи сәулеттік келбетін сақтай отырып, әлемдік стандарттарға сай жасалуда. Қалпына келтіру жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады.