МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ЮНЕСКО ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰРА НЫСАНДАРЫН САҚТАУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Ақтау қаласында ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің Шақпақ ата, Қараман ата, Шопан ата, Сұлтан үпі және Бекет ата ескерткіштеріне қатысты 48 COM 8B.20 шешімін және Қазақстан Республикасы Вице-президенті Ерлан Қариннің төрағалығымен 2026 жылғы 29 шілдеде қабылданған хаттаманы іске асыруға бағытталған өңірлік жұмыс кездесуі өтті.
Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі, «Қазқайтажаңарту» РМК басшысы, Маңғыстау облысы мен аудан әкімдіктерінің мәдениет және туризм саласына жауапты өкілдері, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, өлкетанушылар, ескерткіштерді қорғаушылар, туристік ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Қазқайтажаңарту» РМК Бас директоры Олжас Шариязданов өз сөзінде Қазақстандағы ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра нысандарын сақтау жөніндегі құжаттарды іске асыруға қатысты негізгі мәселелерге назар аударды.
«ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген барлық нысандардың айрықша әмбебап құндылығын айқындайтын белгілерін құжаттандырып, бірыңғай электронды дерекқор қалыптастыруымыз қажет. Ескерткіштерді консервациялау жөніндегі нақты жоспар әзірлеп, алдағы бес жылға арналған Біріктірілген басқару жоспарын Маңғыстау облысының барлық деңгейдегі әкімдіктерінің, мекемелері мен ұйымдарының қатысуымен жасау керек.
Бүгінгі негізгі міндеттердің қатарында ескерткіштердің жай-күйін тұрақты бақылауға арналған арнайы мониторинг жүйесін құру, нысанға келушілердің сапарын ұйымдастыру және ескерткіштердің тарихын дұрыс насихаттау тұр. Бұл міндеттерді барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана табысты етуге болады. Сонымен қатар бұл нысандардың рухани құндылығы мен қалыптасқан дәстүрлерін сақтау айрықша маңызды», — дейді «Қазқайтажаңарту» РМК Бас директоры Олжас Шариязданов.
Аталған құжаттарға сәйкес, ұлттық деңгейде жұмыстар ұйымдастырылып, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығымен және оның консультативтік органы — ИСЕСКО-мен өзара байланыс орнатылады.
Сондай-ақ кездесу барысында «Үстірт: ландшафттар және аңшылық тұзақ-арандары» номинациясы бойынша 2026 жылғы 11–17 қазан аралығында өтетін Ескерткіштер мен көрнекті орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) және Халықаралық табиғатты қорғау одағының (МСОП) бірлескен бағалау миссиясын қабылдауға қатысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Еске сала кетейік, «Үстірт» номинациясы Мемлекет басшысының 2024 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес дайындалуда.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Аталған жұмыстарды үйлестіру және орындау жөніндегі бас ұйым ретінде «Қазқайтажаңарту» РМК бекітілген.