KZ | RU | EN
050000. Алматы, Гоголь көшесі 37
Тел.: 8 (727) 382 4281, info@kazrestavration.kz

БАҚАТАМ КЕСЕНЕСІНЕ РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

04/09/2026 | 157
БАҚАТАМ КЕСЕНЕСІНЕ РЕСТАВРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

«Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда облысы Қазалы ауданында орналасқан Бақатам кесенесіне ғылыми реставрация жасады. Кесене Республикалық маңызы бар мәдениет және тарих ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген 19-ғ сәулет ескерткіші.


Кәсіпорын алдымен нысанның барабан және төртқырлы бөлігін тазартып, цемент қалдықтары алынды. Бұзылған кірпіштер ескі технология бойынша дайындалған кірпіштермен алмастырылды. Осыған ұқсас жұмыстар солтүстік-шығыс бөлігіндегі дөңгелек бағандарда да жүргізілді. Мұнда шатыр беттері цемент ерітіндісінен тазартылып, босап қалған кірпіштер бекітіліп, зақымданған бөліктері өңделді. Кірпіш жіктері де қайта өңделіп, табиғи түсі қайтарылды.


Нысанның көркемдік элементтерін сақтауға да ерекше мән берілді. Порталдың жоғарғы қатарындағы кірпіштер қайта қаланып, кірпіш өрнектеріне реставрация жасалды. Босап қалған сәндік элементтері қайта бекітілді.

Кесене қасбетінің үгітілген бөліктері алынып, кірпіш жіктері мұқият тазартылды. Қабырғаның жарылған тұстары арнайы инъекциялық әдіспен бекітіліп, кірпіштері қалпына келтірілді.


Кәсіпорын кесененің ішінде де бірқатар жұмыстар атқарды. Гурхана бөлмесіндегі қабірдің үсті тазартылып, бұзылған кірпіштері қайта қаланды. Бөлме қабырғаларындағы әлсіз сылақ алынып, жарылған жерлері бекітіліп, күмбез бен қабырғалардағы кірпіш жіктері ретке келтірілді. Бөлме едені тазартылып, зақымданған тұстарына арнайы кірпіш төселді.

Жұмыстың соңында нысан аумағы абаттандырылды. Келушілерге қолайлы болуы үшін плиткалардан ені 1,5 метр болатын жүргінші жол жасалды. Сондай-ақ ескерткіштің қоршауы кесене түсіне сәйкес бояумен сырланды.

«Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген ғылыми реставрация жұмыстары кесененің тарихи-сәулеттік келбетін қалпына келтіруден бөлек, беріктігін арттыру арқылы ұзақ жылдар бойы сақталуына ықпал етті.